Кош келдініз Қонақ!
Понедельник, 20.11.2017, 21:46
Бас бет | Менің профилім | Выход | RSS
| Тіркелу | Шығу

Сайттың менюі

Статистика


Казір сайтта: 1
Конактар саны: 1
Пайдаланушылар саны: 0

Іздеу

Іздеу

Сайтка кіру

Іздеу

Главная » 2010 » Қазан » 25 » Ата-анага Курмет Автор:Асхат Култанов
17:03
Ата-анага Курмет Автор:Асхат Култанов
Автор:Асхат Култанов

Ата-Анаға құрмет

Ата-анаға құрмет ету хақында!

Отбасы – қоғамның негізгі бөлшегі саналады. Сол себепті отбасындағылар бір-бірінің жеке құқығы мен міндеттеріне қаншалықты құрметпен қараса, қоғам да соншалықты берік болмақ.
Ислам діні отбасыға перзент бойына сүйіспеншілік пен өзара көмектесу, жанашырлық сезімін қалыптастыратын қасиетті шаңырақ ретінде қарайды. Ұрпақтың жалғасып, олардың баянды өсіп-жетілуі ата-анаға тікелей байланысты. Аллаһ ұрпақтың жалғасуын негізгі бес қасиетті ұғымдардың қатарына қосып, оның сақталуына үлкен маңыз артқан. Қасиетті шаңырақты шайқалтпай негізін қалыптастыратын ең берік тірек – ата-ана. Адамның дүниеге келуіне себепкер болып, жетілуінде ерекше рөлі бар ата-аналар – ең әуелі құрмет көрсетілуі тиіс аяулы жандар.
Ата-ананың қадірін түсініп, оларды Аллаһтың рақымдылығына бөленуге себепкер деп білгендер – бұл дүниеде де, арғы дүниеде де бақытты жандар, ал оларды өздеріне жүк санап ауырсынғандар – өз келешегінің бақытсыз болуына қадам жасағандар. Оларға лайықты дәрежеде құрмет көрсетпеу – Хақ Тағалаға қарсы келумен бірдей күнә.
Аллаһ Тағала бұны бізге былай білдіреді: «Сіздерге Раббыңыздың нені харам еткенін білдірейін. Оған (Аллаһқа) еш нәрсені серік қоспаңдар, ата-анаға жақсылық жасаңдар». (Әнғам, 151)
Ислам діні отбасыға, әсіресе, оның ең негізгі екі тірегі – ата-анаға ерекше мән берген. Мықты отбасы негізінде баянды қоғам қалыптасатынын айта отырып, осы күрделі мәселеге қатысты маңызды принциптер бекіткен. Әуелі Аллаһ алдындағы борыштарымыздан кейін бірден ата-анаға деген міндеттеріміздің келуінде ерекше мән бар.
Ұлы Жаратушымыздың ата-анаға жақсылық жасау бұйырығы – тек адам баласына ғана тән бұйрық. Басқа жануарлар мен жәндіктердің табиғатында кішкентайлардың үлкендерді қорғап, пана болуы кездеспейді. Құран мен Пайғамбарымыздың көптеген хадистері ата-анаға жақсылық жасауға ерекше көңіл бөлген. Ата-ананың балаға жақсылық жасау мәселесі кей жағдайларға ғана тән. Ал бұндай жағдайлар өте аз кездеседі. Өйткені, ата-ана ешқандай сыртқы жетелеушісіз-ақ табиғатындағы өз ерекшелігімен балаларына қамқорлық жасайды, өмірін пида еткен күннің өзінде ол үшін алғыс та күтпейді. Ал кейінгі ұрпақ алдыңғы буынды емес, өзінен тарайтын кейінгі ұрпақ қамын көбірек ойлайды. Өмірдің заңдылығы осындай. (Тафсируль-мунир, 13 т., 346 б.) Ал ата-анаға жақсылық жасау күшті ерік-жігер мен имандылықты қажет етеді. Сондықтан бұл мәселеге бірнеше жерде арнайы тоқталып, назарымызды соған аударады.
Аллаһ Тағала мына аятта әуелі өзіне шүкір етуге, содан кейінгі кезекте ата-анаға шүкіршілік етіп, алғыс айтуға шақырады: «Маған және әке-шешеңе шүкіршілік ет, қайта оралар жер менің құзырым». (Лұқпан, 14)
«Біз адамдарға әке-шешесіне жақсылық жасауды өсиет еттік. Анасы оны қиындықпен құрсағында көтеріп, сондай ауыртпашылықпен дүниеге әкелді. Ананың құрсағында баланы көтеруі мен емшектен шығуы – отыз ай». (Ахкаф, 15)
Осы аят «Анасы оны қиындықпен құрсағында көтеріп, сондай ауыртпашылықпен дүниеге әкелді» десе, Лұқпан сүресінің 15-аятында «әлсіреген сайын әлсіреп» деп ананың балаға жүкті кезін көз алдымызға елестетеді. Ауыр бір жүк артып, әзер тыныс алып, діңкесі әбден құрыған қайғылы қаһарманның аһылап-үһілегенін және босану кезіндегі жан қиналыстарын көз алдымызға келтіреді. (Тафсируль-мунир, 13 т., 347 б.)
Сонымен қатар, бұл аятта ананың асыл да ардақты қасиетіне терең мән берген. Күн сайын даму үстіндегі медицинаның берген мәліметтері адамды еріксіз толғандырады. Баланың жатырға түсіп өсе бастауынан кейін ананың ішкі құрылысы толығымен өзгеріп, бала үшін жұмыс істей бастайды. Күнделікті ішкен асын жей алмай, тіпті, оған қарай да алмай, айлар бойы қиналады. Ал баланың сүйектері қалыптасу кезеңінде ананың қанынан кальций артығымен бөлінгендіктен ана әлсірейді. Жатырындағы кішкентай нәрестенің өсуі үшін өзінің сүйегі еріп, содан бөлінген заттарды береді. Ағзадағы бұдан басқа да күрделі құбылыстардың қасында бұл айтқандарымыз өте мардымсыз мағлұматтар ғана. Оны тілмен айтып жеткізу қиын.
Содан кейінгі сатыдағы баланың жарық дүниеге келуі кезіндегі ананың жан қиналысы да адам төзгісіз. Өзінің өміріне қауіп төнсе де перзентті дүниеге әкелуге бел байлайды. Бұның қиындығын аналар ғана жақсы біліп, сезіне алады.
Сәбиіне сүт емізген кездегі құбылыс ерекше көңіл бөлерлік. Баланы қолына алып алғаш емізген сәтінде Аллаһ Тағала оған бар қиындығын бірден ұмыттырып, алпыс екі тамыры иіген ананың көңілі мейірім мен сүйіспеншілікке толады. Көрген қиындықтарына қарамастан анасы өзін бақытты сезінеді. Баланың қиындығынан жалықпайды, керісінше, перзентінің аман-сау өсіп жетілуін бар жан-тәнімен қалайды.
Иә, адам баласы бұның бәрін қалай өтемек? Әсте бұған шамасы жетпейді. Сондықтан анасын иығына салып, Қағбаны тауап жасатқан бір кісі Пайғамбарымыздан «Анамның ақысын өтей алдым ба?» деген кезде «Жоқ, бір толғағының да ақысын өтей алмадың» деген болатын. (Тафсируль мунир,)
Баланың мойнында өмірде тартқан тауқыметіне қарай әкеге қарағанда шешенің ақысы көбірек. Өйткені, ол баласын қарнында тоғыз ай көтеріп, қаншама қиындық көреді. Дүниеге әкелу барысында жанын пида еткен аналар қаншама. Дүниеге әкелгеннен кейін де оны күндіз-түні мәпелеп, емізіп, түн ұйқысын төрт бөліп, бөбегі шыр етіп оянса қоса оянатын нағыз мейірім қаһарманы емес пе?! Міне, осындай тартқан тауқыметінің ауырлығына қарай оның құрметке бөлену дәрежесі де ерекше болмақ. Анаға құрмет жайлы айтылған мына хадис көпшілікке мәлім. Пайғамбарымызға бір кісі келіп: «О, Аллаһтың Елшісі! Кімге жақсылық жасайын?» деп сұрағанда, Ол «Анаңа»,- деді. Ол кісі қайта сұрағанда тағы да «анаңа», үшінші рет сұрағанда да «анаңа» деп жауап бергеннен кейін төртінші ең соңында «әкеңе, содан кейін жақындығына қарай басқа жақындарыңа» деп (Әбу Дауд, Әдәб 129, (5141); Тирмизи, Бирр 1, (1898) ) жауап берген.
Ислам діні әйел затына ана болу сипаты арқылы ең жоғарғы әрі қымбатты дәрежені берген. Әр түрлі тарихи кезеңдерде қорлық пен кемсітушілікке душар болып, тіпті, соңғы ғасырларға дейін Еуропадағы христиандардың арасында «әйел деген адам ба, әлде шайтан ба?» деген қызу пікірталас болған кезде Ислам әйел затын ең жоғарғы дәрежеге көтеріп «жаннат аналардың табандарының астында» деп жаннаттағы ең жоғары мәртебені аналардың аяғының астына жайып салды. Нағыз ана өмір бойы тәнімен қоса жанын баласына пида етеді. Ана бөбегін алғашында тәнінде көтерсе, жарық дүниеге келген кезде белгілі бір уақытқа дейін қолында, содан кейін ғұмыры түгесіліп біткенге дейін жүрегінде алып жүреді. Асыл ана, бұл неткен ұлы, неткен сұлу махаббат?!
Мына аят әке-шешеге құрметтің нағыз шыңын көрсетеді. «Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың біреуі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп кейіс білдірме. Әрі оларға зекіме! Әрдайым оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса «О, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр». (Исра, 23-24) Бұл жердегі әрбір сөзге терең мән беріп қарау керек.
Аятта сенім негіздерінің ең бастысы Аллаһқа серік қоспауды бұйырғаннан кейін, қоғамдағы жеке адамдардың жауапкершіліктеріне тоқталып, Аллаһтан кейінгі кезекте ата-ананың ақысы бар екені еске салынып, оларға жақсы қарау әмір етілген. Осылайша Аллаһтың алдында қаншалықты маңызды екендігі көрсетілген. Сүреде бұл мәселенің маңыздылығына назар аудару үшін адамға балалық шағын елестетіп сүйіспеншілік, мейірім мен жанашырлық сезімдерін ояту үшін «егер олардың біреуі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде (жандарыңда) қартайса» дейді. Қартаюдың өзіне тән құрметі болумен қатар, оның әлсіздігі мен дәрменсіздігі тағы бар. «Қолдарыңда (жандарыңда)» деу арқылы қартайған әлсіз шағында паналауға мұқтаждықтарын білдіреді. Тіпті, оларға «үһ» деп айтпа деу арқылы әке-шешеге әдепсіздік танытпау керектігі айтылып, «оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле», оларға «бәле болдыңдар ғой, әбден шаршаттыңдар ғой» деп зекіме, жылы сөздер айтып көңілдерін аула дейді. Мейірім шуағын жайып олардың тілегін тілеп, алдарында бас июге шақырады. Одан кейінгі сөйлемде адамның ар-ожданына тікелей әсер ететіндей жолға көшеді. «О, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр» – деп, бала күніндегі әке-шешесінің қамқорлығы мен қорғанында өскен әлсіз шақтарын адамның есіне салады. Ал енді ата-ананың өзі қамқорлық пен мейірімге мұқтаж жағдайда перзент Аллаһтан олар үшін тілек тілейді. Өйткені, Оның мейірім-панасы шексіз. Ата-ана баласы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, ерекше жанкештілік жасағандықтан, Аллаһ оларды балаларының күші жетпейтін нәрселерге ие қылуы мүмкін.(Фи зилаль,)
Кезінде сені қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп өсіріп, мейіріммен махаббаттарына бөлеп, бауырына басқан осы қартайған шағында қорғансыз бала күйіне түскен ата-анаға қарамай, «оларсыз да күн көрісім мәз емес» деп бағып-қағуды ауырсыну адамгершілікке жатпайды.
Негізінде Аллаһ Тағала солардың құрметі үшін үйімізге ризық-берекесін береді. Пайғамбарымыз бір хадисінде «үйдің берекесі кішкентай сәбилер мен қарттарда» деп осы ақиқатты баяндайды. Шексіз Мейірімді де Рақымды, күллі жақсылық атаулының иесі Аллаһ дүниеге бір перзент келген кезде оларға ризықтарын өте керемет күйде ананың әлемде теңдессіз сүтімен қалай жіберетін болса, кішкентай балаға айналып мейірімге мұқтаж болған қарттардың да ризығын да солай жібереді. Бұл шындықты Жаратушымыз бізге былайша білдіреді: «Ризық беруші, құдіретті күшке ие – Аллаһ Тағала», (Зәрият, 58) «Өз ризықтарына өздері қол жеткізе алмайтын қаншама жәндіктер бар. Сендердің де олардың да ризығын беруші – Аллаһ». (Әнкәбут, 60) Қаншама әлсіз, дәрменсіз жан-жануарлар мен жәндіктердің ең керемет ризықпен ризықтануы осының айқын дәлелі емес пе? Мысалы, өте нәзік құрт піскен, ең шырынды жемістермен, ал дәрменсіз сәбилер ана сүтімен қоректенеді.
Бала өзінің де бір күні ақ шашты, сары тісті кемпір-шал болатынын ойлауы керек. Егер, қартайған кезде құрмет көргісі келсе, әке-шешесіне солай құрақ ұшып, қызмет етуі қажет. Егер ақыретте бақытты болуды қаласақ, әке-шешені риза етуге ұмтылу керек. Әрі мына жалған дүниеде оларға қамқорлық танытсақ, өміріміз берекелі болады. Ол – құнсыз қазына. Пайғамбарымыз бір хадисінде:
رَغِمَ أَنْفُ رَجُلٍ أَدْرَكَ عِنْدَهُ أَبَوَاهُ الْكِبَرَ فَلَمْ يُدْخِلَاهُ الْجَنَّةَ
«Әке-шешесі қолында қартайып, жаннатқа кіре алмағанның жағдайы қандай өкінішті» (Муслим, Бирр, 3 (251); Тирмизи, Даауат 110 (3539)) дейді. Негізінде, Аллаһ Тағала бізді жаннатқа лайық қылу үшін дүниеде шексіз мүмкіндіктерді сыйлаған. Бұл Аллаһтың мейірімділігін танытады. Солардың бірі – әке-шешеге құрмет. Сырт көзге қарағанда ауыр сияқты көрінген міндет – біздің жаннатқа кіруімізге тарту етілген керемет бір сый. Әрине, осындай сыйдан мақұрым қалған адамның ақыреттегі жағдайы өкінішті болмақ. Тіпті, анасының ризашылығын алмаған жағдайда өлер кезде адамның тілі кәлимаға келмеуі де мүмкін. Пайғамбарымыздың кезінде болған мына оқиға соның куәсі.
...Алқамә Пайғамбардың көзі тірісінде құлшылыққа жан-тәнімен берілген, садақаны көп үлестіретін өте бір ізетті, иманды жас жігіт еді. Бір күні аяқ астынан ауырған Алқамә төсек тартып жатып қалды. Ауруы әбден меңдеп, өлетін халге жеткенде, тілі куәлік сөзге келмей күрмеле берді. Оның қатты қиналғанын көрген сахабалар пайғамбарға жүгіріп мән-жайды хабардар етті.
Пайғамбарымыз бірден әлгі жігіттің шешесін шақыртты.
– Алқамә қандай еді? – деп сұрады.
Әйел: – Балам көп намаз оқитын, көп ораза ұстайтын, садақаны көп тарататын, – деп жауап берді.
Пайғамбарымыз бұл жолы сұрақты төтесінен қойды: – Сізбен қарым-қатынасы қалай еді? Әйел: – Енді «іштен шыққан балам ғой» деп қанша кешіріммен қарағаныммен мені ренжітетін кездері көп еді. Оны айтып отырған себебім, көбіне әйелін жақтап, маған қарсы шығатын, – деген кезінде пайғамбар:
– Анасының реніші баласының тілін күрмеп тұр екен. Қане, отын жинаңдар, Алқамәні тірідей отқа жағамыз, – деп маңайындағыларға бұйырды.
Ана байғұс бірден жанұшырды: – Ойбай-ау, қажеті жоқ. Баламды өртей көрмеңіз, – деп жалынғанда, пайғамбар салиқалы түрде: – Аллаһ Тағаланың о дүниедегі азабы балаңыздың қазіргі азабынан да қатты болмақ. Егер Аллаһ ұлыңыздан разы болсын десеңіз, сіз де аналық ақ сүтіңізді кешіп, ұлыңызға деген бар реніш-өкпеңізді қойып, онымен ризалықпен қоштасыңыз, – деді.
Ана байғұс разылығын айтып, күбірлеп кешіргенде баласының да кәлимаға тілі келіп, өмірден озған екен. (Бухари Әдәбуль-муфрад,)
Адамның ет-бауыр жақыны – әке-шешесі. Оларға жасағанәрбр игі әрекеттеріміз секілді дұғаларымызда да олардың бірінші кезекте болуын Құран былай деп баяндайды: «Уа, Раббым! Есеп күні мені, әке-шешемді және бүкіл мүминдерді жарылқай көр!». (Ибраһим, 41) Міне, осы жерден көріп отырғанымыздай, бірінші адамның өзі, одан кейін әке-шешесі келеді. Бұл адам болудың, адами сезімдерге ие болудың белгісі болса керек.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) Аллаһтың ризашылығы әке-шешенің ризашылығын алудан өтетінін, ал Аллаһ Тағаланың наразылығы ата-ананың наразылығына байланысты екенін бізге былайша ескертеді:
رِضَا اللهِ فِي رِضَا الْوَاِلِدَيْن ، وَسَخَطُ اللهِ فِي سَخَطِ الْوَالِدَيْنِ
«Аллаһ Тағаланың разылығы ата-ананың ризашылығында, Аллаһ Тағаланың разы болмауы да ата-ананың наразылығында». (Шуғабул-иман лил-Бәйһақи.)
Тағы басқа хадисінде Пайғамбарымыз: «Әке – жаннаттың ортаңғы қақпасы. Қаласаң, оны тәрк ет, қаласаң сақта» ( Тирмизи, Бирр, 3) десе, мына сөзінде перзенттің ата-ана алдындағы ауыр жауапкершілігін былайша баяндайды: «Перзент әкесінің құнын әкесін құлдықтан сатып алып, азат еткен жағдайда ғана өтей алады». (Бухари, Әдәбуль-муфрәд, 6; Муслим, Итқ 25 (1510); Әбу Дауд, Әдәб 129 (5137)) Міне осы айтылғанның бәрі – Исламның ата-анаға берген маңыздылығының көрсеткіші.
Шын мәнінде әлемдегі ең ұлы ақиқат – ата-ананың балаларына деген мейірімі. Бүкіл ғұмырларын балаларының бақыты үшін құштарлықпен пида еткен ата-ана құрметке бөленуге ең лайық жандар. Олай болса ар-ожданы ояу әрбір перзент осындай құрметті, адал берілген дос, шынайы жанашырларға құрмет көрсетіп, сыйлап, қызмет жасап олардың ризашылығын алуы керек.
Дінімізде, егер ата-анамыз мұсылман болмаған жағдайдың өзінде оларға жақсылық жасап, жақсы қарым-қатынаста болу қажеттігі де айтылады. Әбу Бәкірдің қызы Әсмә былай дейді. «Бір күні әлі мүшрік болған анам қасыма келді. Пайғамбардан «анам келіп тұр, менімен сөйлескісі келеді онымен жақсы қатынас жасайын ба?»,- деп сұрадым. «Иә, оған құрмет көрсет»,- (Бухари, Хибә 28; Муслим, Зәкәт 50) деп жауап берген-ді. Бұл мәселеге байланысты аят түсіп, онда: «Дін үшін сендермен соғысып, сендерді ел-жұрттарыңнан қуғындамағандарға жақсылық жасап, әділдікпен қатынас жасауларыңа Аллаһ Тағала тыйым салмайды. Расында Аллаһ турашылдарды жақсы көреді» (Мумтәхина, 8) делінеді. Тағы да бір аятта: «Әке-шешең сенің білмеген мәселелеріңде маған ортақ қосуға мәжбүрлесе, оларға бағынба! Бірақ дүниеде олармен жақсы қарым-қатынас жаса және маған құштар болған адамдардың жолында бол...» (Лұқман, 15) деп күпірлікке, Аллаһқа серік қосуға шақырмайынша ата-анамен үнемі жақсы қатынас жасау керектігін білдіреді.
Жоғарыдағы аяттан мұсылман емес ата-ананың өзіне құрмет көрсетудің дінімізде қаншылықты зор екендігін көреміз. Діннен бейхабар ата-ананы «тозақы», «кәпір» деп айыптауға хақымыз жоқ.
Ал бүгінгі таңда кейбір бауырларымыз діннен алшақ яки бейхабар жандарды «кәпір» деп қаралап, тіпті кейбірі намаз оқымайтын мұсылман ата-анасы турасында кәпір деген түсінікте болғандықтан, олардың қолынан тамақ ішпей жатқанын естудеміз. Бұл барша Пайғамбарлардың жолына да, сүйікті Пайғамбар Хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с) сүннетіне де жатпайтын қылық. Себебі Құран Кәрімнің «Мәриәм» сүресінде Аллаһ Тағала Пайғамбарымызға былай дейді:
«(Уа, Мұхаммед) (с.ғ.с): Кітаптағы Ибраһим (ғ.с) пайғамбарды есіңе ал. Негізінде ол турашыл Пайғамбар еді. Сол уақытта әкесіне: «Әй әкетайым! Естімес, көрмес, сондай-ақ өзіңе бір пайдасы жоқ нәрсеге неге табынасың?», – деді. Мына аяттан байқап отырған боларсыздар, Ибраһим пайғамбар өзінің пұтқа табынатын әкесіне сондай жұмсақ түрде «Әкетайым» - деп, оның пұттарға табынуының дұрыс еместігін айтып сөз қозғайды. Аяттың жалғасында: «Әй, әкетайым, расында маған, саған келмеген білім келді. Сондықтан маған ілес. Сені тура жолға бастайын» - деді, мына аятта да әкесіне сол жұмсақ қалпын сақтап, өзіне Хақтан білім келгенін айтып, оны тура жолға шақырады. Аяттың жалғасында: «Әй, әкетайым! Шайтанға табынба! Өйткені шайтан Аллаға қарсы болған». «Әй, әкетайым! Саған Алланың азабының тиуінен, сөйтіп, шайтанға дос болып қалуыңнан қорқамын» - деді. Баласының мұншалықты жұмсақ әрекетінің өзіне Әкесі «балақаным» деп, әкелік мейіріммен емес, оған қатал түрде: «Әй, Ибраһим! Сен тәңірлерімнен бет бұрасың ба? Егер мұны қоймасаң, әрине сені таспен атамын. Сондай-ақ өзің менен аулақ бол» деп жауап қатады. Әкесінің осындай қатты сөздерінен кейін де Ибраһим оған «кәпірсің» деместен: «Саған Алланың амандығы болсын. Раббымнан сен үшін жарылқау тілеймін. Өйткені Ол маған өте мейірімді» деп, мейірімділік толы сөздермен жауап берген. (Мәриәм сүресі 41-47 аяттар)
Осы оқиғадағы Ибраһим пайғамбардың пұтқа табынатын әкесіне жасаған әрекеті діннен бейхабар мұсылман ата-аналары хақында «кәпір» деген тар түсінікте болған кейбір бауырларымызға үлгі болмақ.
Мұсылман өзгелерге Исламды үйреткенде оларды шошытпауы, үркітпеуі шарт. Ислам – бейбітшілік, рақым-шапағат, кеңпейілділікті қамтыған Хақтың діні. Пайғамбарымыз: «Қиындатпаңдар – жеңілдетіңдер. Үркітпеңдер – сүйдіріңдер» дейді. Сіз біреуді қорқытып, күшпен тұқыртып намаз оқыта алмайсыз. Егер оған Хақ Тағаланы сүйдірсеңіз, ол өзі-ақ Оның бұйрығын терең сүйіспеншілікпен орындай бастайды. Діннің мақсатын танымаған бір адамның жағасынан алып, «сен неге бұлай істейсің, сен Тозаққа барасың, біттің, құрыдың» деу мүлдем дұрыс емес. Бұл – Рақымды Аллаһ Тағаланың рақымдылығын жоққа шығару һәм Оның атынан үкім беру деген сөз.
Пайғамбарымыз бірде былай дейді: «Израйыл ұрпақтарының арасында бір-біріне мүлдем кереғар екі түрлі адам болған еді. Бірі - күнәкар, енді бірі - терең ғибадат ететін жан еді. Бірде сол құлшылық қылушы әлгі айтқан күнәкар пенденің күнә істеп жатқан сәтінде үстінен түсіп: «Бұныңды доғар!»,- дейді. Тағы бірде және көріп қалып: «Бұныңды доғар!»,- дейді. Әлгі адам: «Сен менің тексерушім бе едің? Менің жөнімді Құдай ғана біледі»,- дейді. Құлшылық қылушы күйініп: «Аллаһ Тағаланың атымен ант етейін! Сені Аллаһ Тағала кешірмейді. Ол саған Жәннатты нәсіп етпейді»,- деп салады. Іле шала Аллаһ Тағала екеуінің де жанын алды. Екеуі де Құдай Тағаланың құзырында тұр. Хақ Тағала құлшылық қылушыға: «Сен Менің қолымдағыға иелік етуші ме едің?»,- дейді. Ал күнәкар құлына қарап: «Бар, рақымдылығымды төктім, Жәннатқа кір!»,- дейді. Құлшылық қылушыны нұсқап: «Ал мынаны жәһаннамға апарыңдар!»,- дейді».
Бұл хадисті бізге жеткізген сахаба Әбу Һурайра: «Ғибадат атқарған әлгі байғұс Аллаһ Тағаланың ашуына тиер бар-жоғы бір-ақ ауыз сөз айтты. Алайда сол сөзінің өзі оның екі дүниесін де: бұл дүниесі мен ақыретін қараң қалдырды»,- дейді. (Пейішке жетелер пейіл, М.Исаұлы)
Иә, мұны қазақта «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» дейді.
Ата-ана балаларына жеткілікті дәрежеде көңіл бөліп, қарай алмаған болса да балалары оларға жақсы қарауға міндетті. Өйткені, кісі қартайған сайын бала сияқты қорғансыз болып қалады. Сәбиінің балаң шақтағы нелер қырсық әрекеттеріне кешіріммен қарап, мейірімділік танытып, енді өздері балаларына мұқтаж болған кезде оларға жақсы қарау – адамдықтың асыл борышы. Бұл міндет «әке-шешемді құрметтеймін» деген құрғақ сөзбен бітпейді. Олардың қажеттіліктерін өтеп, қарасып, рухани әрі материалдық бар мүмкіндіктерді жасаумен ғана жүзеге асады.

Категория: "Жанакорган" Сообществосынан | Просмотров: 5146 | Добавил: CrashMen | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]